Аллаһқа дұға қылудың артықшылығы

      Аллаһқа дұға қылу - мұсылман өмірінде елеулі орын алатын ғибадат. Қасиетті құран Кәрімде Аллаһ Тағала айтты.

     ''Егер құлдарым сенен Мен туралы (яғни, Құдай оларға алыс па, әлде жақын ба деп) сұраса: ''Мен оларға өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін'' - (де).''   (Бақара 2:186)

     Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Аллаһтың рақымы мен есендігі болсын), былай деген:

     "Ғибадаттың ең абзалы - Аллаһ Тағалаға дұға қылу!" (Хаким)

     "Дұға өзі - ғибадат!"    (Әт-Термизи, Әбу Дәуд)

     "Сақтық - тағдырдан қорған бола алмайды, ал дұға болған да, болмаған да нәрсеге септігі тиеді. Қиямет күніне дейін күреседі (яғни, дұға әрдайым бәлеге қарсы шығып, оны қайтарады)." (Хаким)

     "Сіздерден қай-қайсысыңыз да Раббысынан барлық қажетін, тіпті үзілген аяқ киімінің бауын да сұрай берсін!"  (Әт-Термизи)

     "Қазаны (яғни, Аллаһ Тағала белгілеген тағдырды) тек дұға қайтарады, ал ғұмырды жақсылық (яғни, жақсы ниет, ізгі іс) қана ұзартады."  (Әт-Термизи)

     "Дұға - бұрын болған бәлеге де, әлі болмаған нәрсеге де септігі тиеді. Әй, Аллаһтың құлдары! Сендердің міндеттерің (Аллаһқа) көп дұға қылу"   (Ибн Омар)

     "Кімде-кім Аллаһ Тағалаға дұға қылмаса (яғни, қажетін Аллаһтан тілемесе) Аллаһ Тағаланың оған қаһары түседі."   (Ибн Мәжә)

     "Расында Аллаһ Тағала ерекше Мейірімді, мәңгі тіршілік Иесі, өте Жомарт. Пендесі мінәжат етіп екі қолын көтерсе, Ол оған (яғни, екі қолына) бір жаөсылық бермеуге ұялады."

     Бір риуаятта:

     Яғни, "Аллаһ Тағала тілегенін бермей құр қайтарудан ұялады" - делінген.   (Ахмад, Әт-Термизи)

     "Адамдардың ең әлсізі - дұғаға әлсіздік еткендер (яғни, қажетін Аллаһ Тағаладан тілеу ісіне селқос қарағандар). Адамдардың ең сараңы - сәлемге сараңдық еткендер" (Әт-Тәбәрани, Бәйһақи)

     "Мұсылман пенде үш қайтара Аллаһ Тағаладан Жәннәтты тілесе, Жәннат: Жәннәт: "ИӘ, Тәңірім Оны жәннәтқа кіргіз!" - деп тілейді."   (Имам Ахмад)

     "Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың рақымы мен есендігі болсын), жер бетінде қандай да бір мұсылман күнә болатын немесе туыстардың арасын ажырату сияқты шариғатқа қайшы келетін істен басқа қажетін тілеп Аллаһ Тағалаға дұға етсе, Аллаһ Тағала оған тілегенін береді немесе тілеген мөлшерде одан жамандықты қайтарады." - деді.

     Сонда Жамағаттан бір кісі: "Ондай болса біз Аллаһ Тағаладан тілеуімізді көбейтеміз!" - дегенде,и ол: "Аллаһ Тағаланың берері сендердің тілегендеріңнен көп!" - деп жауап берді.    (Әт-Термизи).

     "Дұғада босаңсымаңдар (яғни, Аллаһ Тағаладан көп тілеңдер), өйткені дұға қылумен ешкім апатқа ұрынбайды (яғни, Аллаһтан тілеудің пайдасы болмаса, ешбір зияны жоқ)"   (Ибн Мәжә).