Дұғаның пайдасы

     "Дұға-муминнің қаруы, діннің тірегі, аспан мен жердің нұры."   (Имам Хаким)
Бұл хадис Аллаһ Тағалаға дұға етудің мұсылман өмірінде ерекше орын алатындығына дәлел.
     Имам Ибн Мәжә Қайим дұға қылу арқылы Аллаһ Тағаланы еске алудың жүзге жуық пайдасы бар деген. Олар төмендегіше:
     Аллаһ Тағаланың разылығын алады. Шайтан қашады. Жүрек қайғысын жойып, рахат әкеледі. Рух пен денеге қуат береді. Адамның жүзі мен жүрегін нұрландырады. Ризықты молайтады. Аллаһ Тағалаға жақындатып, Оның сүйіспеншілігіне бөленеді. Адасудан қайтарады. Аллаһ Тағала көп дұға етушіні Өз панасына алады. Дұғаның себебімен Аллаһ Тағала Мағфират, яғни, кешірім есіктерін ашады. Дұға күпірліктен арылтып, өлі жүректі тірілтеді. Күнә мен қателерді жойып, тозақ азабынан құтқарады. Әрдайым Аллаһ Тағаланы еске алып, Оған дұға қылу, яғни, зікір ету - тілді лас сөзден сақтайды. Жамағатпен қосылып дұға қылу - Қиямет күні қайғы-қасіреттен пана болады. Оңаша отырып, шын жылап тілеген дұға - Қиямет күні Аллаһ Тағаланың таңдаулы пенделеріне арналған көлеңкесіне паналауына себепші болады. Көп дұға қылушы ғибадатта қиналмайды. Дұға - Жәннәт егістігі. Аллаһ Тағаланың пенделеріне әзірлеген нығметтерінің ең зоры - Аллаһ Тағаланы есіне алып, дұға қылғандардың несібесі. Үнемі дұғада болған мұсылман әрқашан қауіпсіз және тыныш болады. Зікір - бұл дүние мен Ақыреттің нұры. Көп зікір жүректі сергітеді, яғни, иесін күнәдан қайтарады. Шын жүректен жасалған зікір - құлды азат ету, Аллаһ Тағала жолына садақа берумен және діни күреспен тең. Дұға - қатқан жүректі жібітіп шипа болады. Көп дұға қылушыларға періштелер истиғфар етеді, яғни, Аллаһ Тағаладан күнәларының жарылқануын тілейді. Көп дұға ету арқылы Аллаһ Тағаланы еске алу - екіжүзділікті жояды.
     Аса жоғары Аллаһ айтты:
     "Енді мені еске алыңдар, мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар"  ("Бақара" сүресі, 152 аят).
     "Әй, мүминдер, Аллаһты өте көп зікір етіңдер. Оны ертелі-кеш пәктеңдер"   ("Ахзаб" сүресі, 41-42 аят)
     "... Аллаһты көп зікір етуші ерлер және әйелдер үшін Аллаһ Тағала жарылқау және ірі сыйлық әзірледі"  ("Ахзаб" сүресі, 35 аят).
     "Раббыңа ішіңнен жалбарына қорыққан түрде бәсең сөзбен ертелі-кеш зікір ет. Сондай-ақ қаперсіздерден болма"  ("Ағраф" сүресі, 205 аят).
     Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың рақымы мен есендігі болсын), айтты:
     "Өз Жаратушысын зікір етуші мен өз Жаратушысын зікір етпейтін адам тірі мен өлі сияқты".
     Бір күні Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың рақымы мен есендігі болсын), адамдардан сұрады: "Мен сендерге дәрежелеріңді барынша арттыра түсетін, алтын мен күміс жұмсауды жақсы көрсететін, сендер басын алатын жауларыңмен кездесуді артық көрсететін Жаратушыларыңның алдындағы істеріңнен ең жақсысын және ең тазасын айтайын ба?" "Олар айтты: "Әрине!". Сонда пайғамбар былай деді: "Ол - аса жоғары Аллаһты зікір ету". Ол тағы мынаны айтты: "Аллаһ Тағала айтады: "Менің құлым Мені қандай деп ойласа Мен сондаймын, Егер ол маған зікір етсе, Мен онымен біргемін, егер ол мен туралы құпия ойласа, Мен де оны құпия еске аламын, егер ол Мені басқалардың арасында еске алса, Мен оны одан да жақсылардың арасында еске аламын. Егер ол маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір шынтақ жақындаймын, ал бір шынтақ жақындаса, Мен оған бір адым жақындаймын, ал бір адым жақындаса, Мен оған жүгіремін".
     Абдуллаһ бин Буср (оған Аллаһ разы болсын), келтірген хадисте бір адам пайғамбарға (оған Аллаһтың рақымы мен есендігі болсын), былай дейді: "Иә, Аллаһтың Елшісі, расында, Исламның қағидалары мен үшін тым көп болып тұр, маған әрдайым ұстанып жүретін бір нәрсе үйретші)" Ол былай деп жауап қатты: "Сенің тілің Аллаһты зікір етумен рахат тапсын".
     Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың рақымы мен есендігі болсын), айтты:
     "Аллаһтың Кітабынан ең болмаса бір әріп оқыған әрбір адамға ол үшін бір қайырымды істің сауабы жазылады, ал әрбір қайырымды іске он сауап жазылады, Мен "әліп, ләм, мим" бір әріп деп айтпаймын "әліп" - бір әріп, "ләм" - бір әріп, "мим" - бір әріп".
     Бізге жеткен хабар бойынша Уқба бин Амир (Аллаһ оған разы болсын), былай деді:
     - Бір күні мешіт қалқасының астында отыр едік, жанымызға Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың рақымы мен есендігі болсын), келіп сұрады:
     "Сендерден кім ешқандай күнәға ұрынбай және туған-туысқандарымен байланысын үзіп алмай Бутхан не әл-Ақиққа барып әр күні екі үлкен өркешті түйеден алып кеогісі келеді?" Сонда ол былай деп жауап қатты: "Сендерден әрқайсысың таңертең мешітке барып, шексіз құдіретті, шексіз Ұлы Аллаһтың Кітабынан екі аятты білсе (немесе оқыса) сол сендер үшін екі түйеден, үшеу білсе үш түйеден және қанша білсе сонша түйеден артық болмай ма?!"
    
Тағы бірде Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың рақымы мен есендігі болсын), айтты:
     "Егер әлдекім қай жерде болмасын Аллаһты зікір етпей отырса Аллаһтың ашуына ұшырайды және Кім Аллаһты зікір етпей жататын болса Аллаһтың ашуына ұшырайды".
     Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың рақымы мен есендігі болсын), тағы айтты:
     "Егер адамдар жиналыста өз орындарына отырып жатып Аллаһты зікір етпесе және Пайғамбар үшін салауат айтпаса, олардан міндетті түрде өш алынады, сонда Ол қаласа ондайларды азапқа ұшыратады, ал егер қаласа кешіреді".
     Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың рақымы мен есендігі болсын), тағы да былай деген:
     "Аллаһты зікір етпей жиналыстан тарқаған адамдар арам қатқан есектің өлексесін тастап шыққандай болады және олар қайғыға ұшырайды". Аллаһ Тағала баршамызды әміріне ыджағатты қылып, көп зікір етушілердің қатарына қоссын! Әмин!