Дұғаның қабыл болатын уақыттары

•  Жұма күні
     "Расында жұма күні - күндердің ең жақсысы және Аллаһ Тағаланың қасында ең ұлығы. Ол Аллаһ Тағалаға Ораза айт пен Құрбан айттан да абзал. Оның бес қасиеті бар:
     - Жұма күні Аллаһ Тағала Адам атаны жаратты.
     - Осы күні Адам ата жерге түсті.
     - Жұма күні бір сағат бар, сол сағатта пенде Аллаһ Тағаладан харамнан басқа не тілесе береді.
     - Жұма күні Қиямет сағаты соғады. Күллі періште, аспан, жер, жел, тау, теңіздер жұма күні Қиямет болып қала ма деп қорқады."
(Ахмад, Ибн Мәжә).

•  Имам: "Әмин!" - дегендегі тілек қабыл.
"Қари: "Әмин!" - дегенде, сендер де: "Әмин!" деңдер! Себебі періштелер де: "Әмин" - деп тұрады. Кімнің "Әмин!" - дегені періштелердің: "Әмин!" - дегенімен сәйкес келсе, Оның өткен күнәлары кешіріледі."   (Бұхари)

•  Түннің әуелгі, ортаңғы және соңғы бөлігіндегі дұға қабыл.
"Әр түні, түннің әуелгі үштен бір бөлігі өткенде Аллаһ Тағала аспан дүниесіне түсіп: "Мен дүниенің Патшасымын! Мен дүниенің Патшасымын! Кім маған дұға қылады, оның дұғасын қабыл етемін. Кім Менен қажетін сұрайды оған беремін. Кім Менен жарылқау тілесе, оны жарылқаймын." - дейді. Осылай таң атқанша жалғасады." (Мүслим)

     Екінші бір риуаятта:  "...Түннің ортаңғы немесе соңғы үштен бір бөлігінде Аллаһ Тағала аспан дүниесіне түседі," - делінген. (Мүслим)
     Ал келесі бір риуаятта: "Әр түннің үштен бір бөлігінде Раббымыз аспан дүниесіне түсіп: "Кім Маған дұға қылса, қажетін сұраса, оған беремін. Кім менен күнәсі жарылқануын тілесе, оны жарылқаймын." - дейді." делінген. (Мүслим).
    
•    Парыз намазының соңы. Дәлірек айтқанда, намаздың парызы оқылып, соңғы отырыста әт-тәхият пен салауат оқылғаннан кейін, сәлем берер алдында дұға ету.

•    Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Аллаһтың рақымы мен есендігі болсын): "Иә, Аллаһтың Елшісі, дұғаның қайсысы өтімдірек (яғни, қандай дұғаның қабыл болуы ықтимал)?" - делінгенде, Ол: "Түннің соңғы бөлігі мен парыз намаздың соңындағы дұға," - деп жауап берді."   (Байһақи).
 •   Азан айтылғанда
     "Намазға азан айтылғанда аспанның есіктері ашылып, дұға қабыл болады."   (Әт-Тәйәлиси)

•    Түн бойғы тілек қабыл.
     "Расында, түнде бір сағат бар. Бір мұсылман пенде Аллаһ Тағаладан дүние не Ақырет ісінің жақсылығын тілеп, дұғасы сол сағатқа сай келсе, Аллаһ Тағала тілегін береді. Ол сағат әр түнде болады."   (Мүслим, Ахмад)
•     Ауру адамға барып көңілін сұрағанда
Ауру адамға барып көңілін сұрағанда немесе мәйітті зиярат еткенде.
     "Сендер ауру кісінің қасында немесе жаназада болсаңдар, тек жақсылықты айтыңдар! Себебі, періштелер сендердің айтқандарыңа: "Әмин!" - деп тұрады".   (Мүслим).
•     Азан мен қаматтың арасында.
"Азан мен қаматтың арасындағы дұға қайтарылмайды." (Әт-Термизи)
•     Сәждеде жатқанда дұға қабыл.
"Пенденің Раббысына ең жақын болатын мезеті - сәждеде. Ендеше сәждені дұғамен көбейтіңдер!"   (Мүслим).
•     Шын тілегенде дұға қабыл.
     "(Адамдардың) жүрегі ыдыс сияқты. Оның бірі екіншіден кеңірек болады. Ей, адамдар, егер сендер Аллаһ Тағаладан тілесеідер шындап сұраңдар! Себебі, Аллаһ Тағала пенденің енжар, беріле сұрамағын тілегін қабыл етпейді."   (Әт-Термизм, Ахмад).

•     Аллаһ Тағалаға мақтау айтып, ұлықтып әрі Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Аллаһтың рақымы мен есендігі болсын), салауат айтқанда.

•     Жаңбыр жауғанда
     "Дұғаларыңның қабыл болуын: әскер дұшпанмен бетпе-бет тұрғанда, намазға қамат айтылғанда және жаңбыр жауғанда тілеңдер!" (Әш-Шафиғи, Әл-Байһақи).

•     Әтеш шақырғанда.
     "Әтеш шақырғанын естісеңдер, Аллаһ Тағаланың кеңшілігін тілеңдер! Себебі, ол періштені көрді (яғни, періштені көрсе - шақырады). Егер есектің ақырғанын естісеңдер, шайтанның азғыруынан Аллаһ Тағаладан пана тілеңдер! Себебі, ол шайтанды көрді (яғни, шайтанды көргенде ақырады)."   (Мүслим).
   »  Рамазан айында .
   »  Қадір түні.
   »  Құран оқылғанда.
Аллаһ Тағала айтты:
     "Мен жындар мен адамдарды тек Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым".   ("Зәриат" сүресі, 56 аят)
     Осы аятта айтылғандай мұсылман бүкіл өмірін құлшылықпен өткізуі тиіс. Өйткені, Аллаһ Тағаланың әміріне бағыну - Адамзаттың саналы тіршілігінің мазмұны. Мұсылман жалғыз Аллаһ Тағалаға мәжде қылады. Себебі, бұл хақиқи ғибадат белгісі. Дұғасында жалғыз Аллаһ Тағаланы зікір етіп, бір Аллаһ Тағаладан тілейді. Бұл - нағыз имандылық.